"Әкеме айтып қоймаңыз..."

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Жамандықты тілемейтін жауына,
Шүкір айтар Алла берген бағына.
Мына біздер өмір сүрген заманда,
Болған екен бір бақытты жанұя.

Жанұяда сыйластықтың ізі бар,
Бақытты еді, көрген адам қызығар.
Ата-анасы, әйелі бар.
Және де,
Үшке толған бүлдіршіндей қызы бар.

Жатқа айтатын кейбір жеңіл тақпақты,
Былдырлайтын тілі қандай тәп-тәтті!
Балалы үй шынында да базар ғой,
Бәрі-бәрі ойдағыдай жақсы-ақ-ты…

Түзу шықса шалыс басқан қадам да,
Бұдан артық не бақ керек адамға?
Бәрі жақсы-ау, бірақ, көрген күндердің,
Тек шаттықтан тұрмайтыны жаман да…

Не тұрғанын білмейсің-ау алдыңда,
Кейде-кейде құбылады тағдыр да.
Бақыттың да кете берді мәнісі,
Сүйген жары шалдықты да ауруға.

Ешбір емге, еш дәріге бағынбас,
Ауру екен… ешқашанда жазылмас…
Апармаған, бармаған жер қалмады,
Осы екен ғой, «ажалға айла табылмас»…

Кете алмады байғұс әйел сауығып,
Кете барды, бәрін тастап жан үзіп.
Бір кездегі ең бақытты жанұя,
Зар еңіреп қалды қара жамылып…

Жаз күнінде орнағандай қара күз,
Қала берді күңіреніп шарасыз.
Бәрінен де бүлдіршінді айтсайшы,
Шын жетім боп қалды мәңгі анасыз…

Тағдырдың да ойраны көп шашынан,
Бақыт қайда сол баяғы тасыған?
Үш жасар қыз мұңаяды түсінбей,
Кім сипайды енді оның басынан?

Сәби деген періште ғой пәк жүрек,
Сәби тілек әрқашан да тәттірек.
Әкесінен қайта қайта сұрайды,
«Айтыңызшы, анам қайда кетті?» деп

Бұдан өткен ауыр сұрақ жоқ еді…
Амалсыздан әке жауап береді.
«Сенің анаң алыс жақта жұмыста,
Жұмыс бітсе бір күн үйге келеді».

Жауап қатпай болмайды ғой жылырақ,
Осылай деп алдамаса қиын-ақ.
Сосын барып қыз ұйқыға кететін,
Әкесінің бауырына кіріп ап…

Әз анадай мейірімді жан қайда?
Әй, тағдыр-ай, жұмсақ болсаң болмай ма?
Анасының киімдерін иіскейтін,
Сағынышты басамын деп ойлай ма?

* * *
Өткен күннен естелік қап көмескі,
Уақыттың айдарынан жел есті.
Жыл жылжыды ештеңеге қарамай,
Аттап өтіп біраз-біраз белесті.

Айлар өтті қайырылмай артына,
Баға жетпес сірә, уақыттың нарқына.
Үш жыл өтті көрмегелі анасын,
Бүлдіршін қыз толды биыл алтыға.

Санадағы сағынышын кім ұққан?
Анасы әлі «оралған жоқ жұмыстан».
Екі көзі төрт болатын, күтетін,
Арайлы таң атқан шақта шығыстан.

Ал, әкесі, үйленген де жоқ, әлі,
(Әйелсіз де күнелтуге болады).
Қызыменен сұхбаттасты бір күні,
Оңашаға шақырып қыз баланы.

– Білем, қызым, сарғайғанын санаңның,
Қатал тағдыр көп сыйлады-ау саған мұң…
Ертең үйге ертіп келем,
Қызым-ау,
Бет-бейнесі есіңде ме анаңның?

Қауышарсың, бұйрық етсе Тәңірім,
Анаң аздап өзгеріпті, жарығым.
Алдамаймын, ертең өзің көрерсің,
Мүмкін, бірақ, танымай да қалуың…

Қыз жадырап, екі беті нарт жанып,
Қуаныштан жарылуға шақ қалып.
Алақайлап атып тұрып орнынан,
Құшақтады жан әкесін бас салып!

Шөлдеген жан бақытына тәуелді,
Сүйгеніндей бола қоймас әуелгі.
Танысқан-ды бір әдепті жанменен,
Үйге ертіп әкелді сол әйелді.

Ал, ол әйел, мейірбан да, ақылды,
Жан болатын жақын тартар жат ұлды.
Келе сала ықыласын білдіріп,
Бүлдіршіннің атын атап шақырды.
Жас қыз болса баяу ғана «ана» деп,
«Анасының» мойнына кеп асылды…

Шыныменен бәрі жақсы болды ма?
Анасына қыз көңілі толды ма?
«Не болар?» деп уайымдаған әкенің,
Көңіл-күйі түсті дереу орнына.

Шын анасы табылғандай жанынан,
Сәл ұзаса айырылардай бағынан.
Сәби болса кешке дейін томпаңдап,
Ұзамады «анасының» маңынан.

* * *
Күн де батып, түсті демде кеш тағы,
Ымырт тартты кең даланың аспаны.
Анасымен оңаша, қап бүлдіршін,
Бір көңілсіз әңгімені бастады.

Иә, көңілсіз, әсер етер, сөз жылдам,
Қуанышын ысырды да көз қылған.
– Білемін, сіз менің анам емессіз,
Туған анам әлдеқашан көз жұмған!

Өз көзіне өзі сонда иланбай,
Бағанағы көңіл-күйден дым қалмай.
Өгей ана аң-таң болды мәңгіріп,
Төбесіне суық суды құйғандай.

– Ш ырағым-ау, кішкентайсың, баласың,
Қой, оныңды, менмін, туған анашың…
– Жо-жоқ, маған қазір ғана айтты әжем,
Менің анам о дүниелік болатын.

Өгей ана үнсіз қалды амалсыз,
(Ал, сендірер қандай шара табарсыз?)
– Білетіндер атам, әжем, үшеуміз,
Ал, басқалар, тіпті, әкем де хабарсыз.
Тек, әкеме білдірмей-ақ қойыңыз,
«Жұмыста» деп жүре берсін алаңсыз…

Әкем білсе азаптанып жылайды,
Қайғы оранып, көздің жасын бұлайды…
Осылай деп жасқа толып жанары,
Қыз «ананың» құшағына құлайды…

Сол бөлменің есігінің сыртында,
Әкесі де тұрған еді тың тыңдап.
Естіді де қыздың айтқан сөздерін,
Іштей босап егілді ол, үнсіз қап…

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

12 пікір

akmaralaidos
ісіне келсе тағдырдың
шарасыз боп қаламыз…
өз ойларға алдана,
жұбанып бір аламыз…
Жазбаңыз өте әсерлі шығыпты.Аяқталып қалмаса екен деп оқыдым.Барлық сәби бақытты болса екен… Жырларыңыз жаныңызға серік болғай!
Korkem
Өлеңі әсерлі жазылыпты, керемет! Талант!
yesbolat83
Қ. Қауымбектің мына бір әңгімесіне ұқсайды екен.
Өте әсерлі жазылған.
muktybek
Осы әңгіменің желісімен жазылған ғой. Бірақ, Қайсардікі екенін енді біліп отырмын
yesbolat83
Қайсар Қауымбектің аудармасы. Қателеспесем, орысшадан аударған.
AKA
Ауыр екен, денеңді шымырлатпай қоймайды.
Nurshat
Жылап отырып окыдым оте асерли
MSHERIMBEK
осындай өлең оқымағалы көп болып еді. Мықтыбек шынымен мықты жазады екен
Kan
Осы оқиғаны әңгіме тұрінде алғаш оқығанда көзіме еріксіз жас тығылып еді. Енді Мықтыбектің өлеңін оқығанда көкірегім қақ айырылды, тағыда көзіме жас келді.
Jako
muktybek, Алла жолыңды оңғарсын, Аллам қазақка тмаша поэмалар тудыратын ақын силаған сияқты.Қаламың қарымды болсын інім!
Feruza
Тамаша! Талабыңызға нұр жаусын! Шығармашылық табыс тілеймін, биіктерден көріне беріңіз!!!
muktybek
Рахмет, Әмин!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.