Құдайға шалған қоңырау



— Алло?
— Алла!
— Сен мені тыңдаймысың?
Ұғамысың құлыңның мұң-қайғысын?!
Таксофонға келіп ап мешіт деген,
Қоңырау шалды саған бір байғұсың!

— Алло?
— Алла!
— Сен мені тыңдаймысың?
Тағдырымды тәп-тәтті қылмаймысың?!
Қажет бізге өзіңнің шапағатың,
Қажетсіз бе сен үшін бұл байғұс үн?

— Алло?
— Алла!
— Өмірді сан ұқтырдың,
Шүкірлігін айтсын деп жарық күннің!
Енді ғана тәубеме түскендеймін,
Үн қатшы, Алла, қоңырау шалып тұрмын!

— Алло?
— Алла!
— Мастанып мейрамменен,
Сөзді ұмыттым «Адамдар — мейман» деген.
Сәл ертерек қоңырау шала алмадым,
Аз болғасын бірлігім — иман деген.

— Алло?
— Алла!
— Өзіңе күшті ақ тілек.
Тәубем бүгін телефон ұстатты кеп.
«Бамдатқа» да қия алмай бал ұйқымды,
Төсегімде жатыппын «түс- тәтті» деп!

— Алло?
— Алла!
— Өзіңсің ұлы ұстаным.
Сенен ғана берекем, ырыс-бағым!
«Бесін» кезде бел бүгіп, құлшылық қып,
Бес алуға өзіңнен тырыспадым.

— Алло?
— Алла!
— Бас иіп ырымдарға,
Саған серік қосыппын, құным бар ма?
«Асрда» да жүріппін асыр салып,
Кешіре гөр күнәһар құлыңды, Алла!

— Алло?
— Алла!
— Болғайсың жар өтінем!
Жүрмейді деп жазғырма дәретімен.
«Ақшам» кезде аңқиып жатып алып,
Ақшам аздау болғанға тағы өкінем.

— Алло?
— Алла!
— Жомарт ең, жарқын едің!
Өзгергендей өмірдің парқы керім.
"Құптан" кезде қимылсыз жатқан құлдың,
Құптамауға қақың бар, бар тілегін.

— Алло?
— Алла!
— Сен мені тыңдаймысың?
Ұғамысың құлыңның мұң-қайғысын?
Бар жасаған күнәмді кешіре гөр,
Құлың енді кәпірдің қылмайды ісін.
Құлың енді кәпірлік қылмайды. Шын!

ТЛЕГЕН АЛИ.

6 пікір

yesbolat83
Естуші, тәубені қабыл етуші Аллаһым барлықтарыңызға разы болғай!
Ораза мүбәрәк болсын!
zhano_almuhambet
Бірлігім бітіп барады менің…
m170785
Жәке маған ұнады, жақсы жазыпсыз
maulen
Маған да ұнады))
assiya_nurlybaeva
керемет, машаАллаһ.
mttorebek
Тлеген Али… Таныс есім-бейтаныс өлең… Керемет, ұнаттым…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.