Ойланатын роботтар...

Кездейсоқтан бәлкім пайда болдық па?
Кім жаратты? Жаралдық па беймәлім?
Мүмкін басқа ғаламшардан қондық па?
Жүйе таппай сабылады ойларым.

Тәнім менің атомдардан құралған,
Құрсақта да еркіндікке ұмтылғам.
Сананы көп мазалайды сұраулар,
Ең алғашқы адам ұлын кім туған?

Жарық күнге сәжде қылып табынған,
Бабам кім ол? Ұлы адам ба, жоқ Аңнан ба?
Үңгірлерден сүйектері табылған,
Диназауыр көргендері жалған ба?

Дүние қайдан ауадан ба судан ба?
Әлмысақ па, бәлкім Үлкен жарылыс?
Құстың жолы мәңгі осылай тұрған ба?
Әлде ол да келген бе екен жаңылыс!

Жоқ, шынымен кімбіз өзі, кімдерміз?
Қай минуттан есімізді білгенбіз?
Құстарменен ДНҚ-мыз бір болса,
Олар ұшқан, біздер неге жүргенбіз?

Ақыл не ол? Неге мұрат бір күндік?
Нәпсі не ол? Жетегінде құртылдық!
Темір өңдеп жетілмеген мименен,
Жетік робот жасауға да ұмтылдық.

О дүниеге кетеміз бе бір күн біз?
Бәлкім жоққа. Дәлел де жоқ ұғарлық.
Топырақпыз деген ойды мүмкін біз,
Аңнан ұлы болу үшін шығардық!

Дін кеп айтты: Тұр ғой дүние жаралып,
Ғылым айтты: Өздігінен әлем, — деп
Қалғаны енді Дарвин ағай оралып
Бір құдайдың бар екенін дәлелдер?

Ойланатын роботтар!
Барға қарап, мида жоқты қорытқан…

5 пікір

Jako
ҚҰдай-ау, мынауың пәлсапа ғой…
MSHERIMBEK
Кей-кейде осылай сымдарымның арасында байланыс жиілеп кетеді, аға :)
Jako
Түсінемін Сәке.
Құранның бетін ашсаң, барлық жауап сол жақта. Біз Алланың құлымыз! Ешқандайда робот емеспіз! Оған ешқандай да күмән келтіруімізге болмайды. Иманды болайық ағайын!!!
zhano_almuhambet
кейде осы робот болған да жөн бе деген ой келеді… Темір. Сезбейсің. Сағынбайсың. Күтпейсің. Пенделік…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.