***

Күйкі тірлік күйбеңдетіп әр адым
Байлап берді дүниенің ар-құнын…
Күйбеңдей бер… ұмытпашы сен бірақ
Барар жердің тарлығын…

Ілесем деп барлығына жарқыным!
Қандай еді үдемелі қарқының?!
Үдете бер… тұқыртпашы сен бірақ
Жаяулардың ар-мұңын…

Қаймықпайсың еш кедергі түк емес,
Асудан асу асасың, белестен белес…
Аса бер… бірақ, қайтармашы сен
Кейінгілердің меселін…

Алдыңа келсе айдаһардай ысқырып,
Артыңнан келсе айғырдай бір осқырып…
Қызықсың өзің, өз-өзіңе малтығып
Ұнамды дейтін танытпадың-ау бір қылық…

Өмірдің ауыр боларын білем жүгі тым,
Сонда да болса жігерлен, қатай жігітім!
Өмірде сен бір жолаушы, өшірме енді
Жолаушының үмітін…

Қым-қиғаш жолдар, жолдасың сенің қайғы-мұң…
Қылқындың білем ісінді содан алқымың…
Өзіңді ғана ойлай бер, бірақ, басқаға
Тимесін сенің салқының…

Сүр өмір, жаса, жайна, қуана түс!
Адал, арам ішінде жұтылып күш…
Бірақ, бірақ, ұмытпа, ұрпағыңа
Сауабы тие берер қалдыр бір іс!

Дүние қу, білім жина, ұрпақ тарат…
Арман, үміт, барлығы орындалады…
Ұмтыларсың бәріне… бос жүрекке
Кәміл иман қашан толады…

Жинайсың-ау барлығын да, қалдығын…
Дүниенің шолақтығын сезбей қойды шалдығың!
Сыйыншы енді… тіпті өзің біл… тек ұмытпа
Бір Алланың барлығын!

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.