АРЫСТАНДЫ АҢДЫҒАН ӘЙЕЛ (Әңгіменің желісімен)

Хикая көп толғантар мына бізді,
Ертегіден жақсы ойлар туады ізгі.
Пенделерге тура жол көрсететін,
Естіп едім қызықты бір аңызды.

Қуантатын, ал бірде жылататын,
Жазмышың бар талқыға шыдататын.
Ертеректе бір әйел болған екен,
Өз күйеуін тым қатты ұнататын.

Ұнататын және де қызғанатын,
Қызғаныштан көңілі күз болатын.
«Жақсы көрсе екен» деп «мені ғана»,
Қиял менен арманға жүз баратын.

Ессіз ғашық өзіне ету үшін,
Сан толғанып, бір ойға бекіді шын.
Сол ауылда тұратын ғұламаға,
Барыпты да жасапты өтінішін.

– Құпиялап айтайын тілегімді,
Бір мұңым бар сыздатқан жүрегімді.
Дәрі жасап беріңіз,
Маған ғана,
Ғашық қылып қоятын күйеуімді.

– Таусылар ма әйелдің мұнша амалы…
Тілек екен қиындау бұл шамалы, –
Деп ғұлама азырақ ойланыпты,
Мұның мүмкін емесін білсе-дағы.

«Ғашық болса жарына несі бекер?»
– Қиындығы бар бірақ, кешіп өтер.
Ал, ол үшін – тірі еркек арыстанның,
Мойнындағы жүнінен кесіп әкел!

* * *

Мезгілімен ауысып Күн, Ай батып,
Өтіп жатты тәуліктер шырайлы, ашық.
Әйел келді жүнін ап арыстанның,
Өткеннен соң арада бір ай уақыт.

Көңілі шат, қуанған, жарқын өңді,
«Мойындайды, білемін, дертім емді».
Ғұламаға көрсетті әкелгенін,
– Дәрі жасап берерсіз, бәлкім енді?

Арланбадым басқадан жөн сұраудан,
(Сақта Құдай, үмітсіз сансыраудан).
Жету үшін көздеген мақсатыма,
Ақыл-кеңес тыңдадым аңшылардан.

Жақсы емес пе арманға сүйресе еңбек?..
«Бақыт құсым енсін» деп, «үйге төрлеп».
Бір ай бойы жүрдім ғой ет апарып,
«Арыстанды өзіме үйретем» деп!

Ебін тапсаң түсінер тағдыр «ымға»,
Болады екен талпынсаң мән – ғұмырда!
Арыстанның «көңілін» табу үшін,
Жасап келдім амалдың барлығын да.

Жетектеді-ау құлшыныс сірә, мені?..
Өмір қазір мен үшін – тым әдемі!
Арыстанның жүнін ап келдім, міне,
Орындаңыз баяғы уәдені.

Ғұлама айтты:
– Арман-ау қай-қайдағы..,
Тағдырыңды көресің маңдайдағы.
Өкпелеме шырағым, мүмкін емес,
Жасалмайды, амал не, ондай дәрі.

Бақытыңды аңғармай үйіңдегі,
Кете берме ентелеп, жиі ілгері.
Тауыпсың ғой көңілін арыстанның,
Тілін табу Еріңнің қиын ба еді?!..

Борышыңды әйелдік атқара бер,
Бабын тауып, жарыңды мақтау – өнер.
Ерінің де түсінер жан-дүниесін,
Арыстанның көңілін тапқан әйел.

«Ерін сыйлау әйелге – міндет» дейді,
Ақылды әйел арын еш кірлетпейді.
Жан-жүрегін жарыңның ұға білсең,
Ол да сені мәңгілік құрметтейді!

Міне қалқам, осыны түсініп бақ,
Бұйрығымен ақылдың кісі ұғыспақ!
...Үнсіз қалды келіншек ойға батып,
Уыс жүнді қолына қысып ұстап…

Мықтыбек Оразтайұлы

1 пікір

Kan
Мағнасы жақсы екен. кереет ұйқастырған екенсің
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.