РОБИНЗОН КРУЗО...

Жабайы арал. Көк теңіз. Жасыл желек,
Заман бөлек, ол жақта Ғасыр бөлек.
Мекен ету үшін де айдаланы,
Жігер керек, пендеге ақыл керек.

Жасыл әлем. Табиғат. Тамаша өңір,
Ешкімің жоқ… Бір өзің… Оңаша өмір.

Кейде…
Мына ит тірлік шаршатқанда,
Шырмалғанда тағдырым тар қақпанға.
Шалған кезде сәтсіздік тобығымнан,
Қабырғамды қиратып қаусатқанда.

Шырылдатар шындықты аңсатқанда,
Құлқыны үшін пенделер ар сатқанда.
Өресіздің ісіне ақылсыздар,
Мәз-мейрам боп, қолпаштап қол соққанда.
Күдірейіп жал бітсе қорқақтарға,
Айналғанда әділдік қол шоқпарға.

Өз-өзімнен жерініп, безінгенде,
Сатқындығын досымның сезінгенде…
Сабырдан да айырып, төзімнен де,
Сансыз ойлар шаршатып көз ілгенде.

Аялаған үмітім желге ұшқанда,
Армандарым құлдилап жер құшқанда.
Аптабына күйдіріп аңызақтың,
Кеберсітіп таңдайды шөл қысқанда.

Аяздарда, боранда, ызғарларда,
Жан-дүнием сіресіп мұз болғанда.
Шаужайыңа жабысып кейбіреулер,
Басымдағы бағымды қызғанғанда.

Өсек-жала соңымнан борағанда
Ашылғанда кең соқпақ, жол арамға.
Кетсем деймін аттанып көз көрмеген,
Робинзон өмір сүрген сол аралға!

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

1 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.