ЖАРИЯЛАНБАҒАН ӨЛЕҢДЕР

ЖАЛЫН ЖЫР

Жүрегіңе жүрегім жыр ұшырсын,
Жүрегіме жүрегің гүл ұсынсын.
Жанарыңнан жанарым бір сыр ұғып,
Жанарымнан жанарың мұң ысырсын.

Жап-жарығым, теңедім Айға әдемі,
Жан-жүрегім құшағын жайған еді.
Жылдар жылжып, ай зулап өтсе-дағы,
Жырақтатпай жадыңнан ойла мені!

Жақсылықтан өрілген тілегіңнен,
Жадырайды көңілім мұң өрілген.
Жүрегіңді жылытам жырларыммен,
Жырларымды қабылда жүрегіңмен!

Жаның неткен көктемдей көрікті еді!
Жаздай ыстық сезіммен еріт мені!
Жүрегімнің үнімен жазылатын,
Жырларымның өзің бол кейіпкері!

«ФАРИЗА ҚЫЗДЫҢ» ӘСЕРІМЕН

Бақытқа қарай бастап жатпас әр із,
Ешкім де біз туралы айтпас аңыз.
Үміттің нәзік жібі үзілмейді,
Сондықтан, жақсылықты көп тосамыз.

Сен мені білесің бе, білесің бе?
Несібем кем болмады, үлесім де.
Жарамай қалам бірақ, кей кездері,
Тағдырдың керуеніне ілесуге.

Жабықпас едім алдан күлсе бағым,
Жауапсыз қалып жатыр мың сауалым.
Қазақтың жігітінен дос таба алмай,
Мен саған қыз да болсаң мұң шағамын.

Білмеймін… жат көрінді ортам бүгін,
Өзіме бағынбайды өр тағдырым.
Ешкімге айтылмаған қанша-ау мұңым,
Қалмашы жетімсіреп кәусар жырым.

Пенде өлер, кеудедегі өлсе арманы,
(Арман да арсыз, әттең.., қанша алдады...)
Мен бірақ… Мұқағали бола алмаймын,
Жаным-ау, сен – Фариза болсаң-дағы…

"ӨКІНІШ"

Бітті бәрі.
Екеуміз бөлек жанбыз.
Жабырқатып жанымды оралды-ау күз.
Қош аман бол. Басқадан ізде бақыт,
Жаны нұрдан, шуақтан жаралған қыз.

Қош аман бол. Басқадан ізде бақыт,
Жалған сезім тап болды-ау бізге адасып?..
Үйренгенмін тағдырдың мазағына,
Ауа-райы алдамшы күздегі ашық…

Жол да бөлек, сен жүрер соқпақ бөлек,
(Бөлінеміз, ал басқа қайтпек керек??!!)
Түсінуді жазбаса екеумізге,
Неғылайын өзіңе текке өкпелеп.

Сәттерім көп қимаған, қия алмаған,
Жеткізбеді шын бақыт қиялдаған.
Шат күлкіге бөленген қуанышым,
Өкінішпен бітер деп кім ойлаған?..

Жат көрініп кездескен ортам алғаш,
Шуақ сәттер таппады қайта жалғас.
...Құлағыма естілді таныс әуен,
Қайрат Нұртас. «Өкініш..» Қайта оралмас…

КЕЗДЕСТІК ҚОШТАСҚАЛЫ

Кездестік біздер сонда қоштасқалы,
Түнеріп қоңыр күздің жатты аспаны.
Жабырқап тұрдың сонда тым көңілсіз,
Жанарың бұрынғыдай от шашпады.

Кездестік қоштасқалы. Кешқұрым. Бақ.
Қоңыр күз, шаттығымды кеттің ұрлап.
Кездескен, біз танысқан сәттің бәрі,
Елес боп көз алдымнан өтті зулап.

Кездестік. Келмесе де кезіктіргім,
Суынған көңілімді тез ұқтырдым.
Жан-дүнием алай-дүлей күй кешсе де,
Көзіңнен қимастықты сезіп тұрдым.

Шырқалмай біз ұнатқан ән әуелгі,
Жапырақ жатты бүркеп қара жерді.
Екеуміз екі жаққа кете бардық,
Күзгі бақ куәгер боп қала берді.

От сезім апармады бізді ұзаққа,
Қап кетті тоғыстырар із жырақта.
Бөлінді тағдырымыз қақ ортадан,
Қалдырып естелікті күзгі бақта…

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.