Ойлар

Бақыттың өзі, қуанта бермес жиі алдан,
Өмірдің өзі, құрақ көрпеден құралған.
Сұраусыз келген, сынақтардан сүрініп,
Шыққандай болып тұрамыз, нұрсыз тұманнан.

Бос болып қалар ойлаған, арман-қиялым,
Жақсы адамдар үмітпен, жанға жиямын.
Тас болып қалған, жүректі ұрып оятып,
Алладан медет, күш жігер жинап, тұрамын.

Шабыт шақырдым, Құптаннан кеткен түнімде,
Ақынның мұңы, қаламы менен тілінде.
Түбі жоқ ойлар, тереңге мені батырды,
Дайындығы жоқ, келетін Ақирет күніне.

Қонақ боп келген, қонақ боп қайта кетерміз,
Туысқанға да, туғанға тіпті бөтенбіз.
Бетіңді жапқан бір уыс болған топырақ,
Көктем, қыс болып, жазымен бірге өтер күз.

Бес күндік, жалған алдамшы мынау өмірде,
Сан сұрақтарың жауапсыз қалар, көңілде.
Ақ парақтарды, шимайлап болып тағы да,
Аяқталусыз өлеңдер қалды, бүгінде.

Фариза Мақсұт

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.