Жаңғырық

Жаңғырық

Шарасыз ақындардың күйін кештім,
Түсінбес бұл қоғамның, күйінде ешкім.
Анасыз тұл, әкесіз тас жетімдер,
Төрт қабырға өкімет үйінде өстің.

Келді жаңа шет елден ата анаң,
Қаны таза қазақ деп, атап алған.
Билікке бас болмаған бақа өмір,
Көк қағазға құныңды бағалаған.

Айтайын, жан сырымды ақтарыла,
Жанымды қайғы мұңы қаптады ма?
Жетімін жылатпаған қайран қазақ
Көніпті шет ел жаққа сатқанына.

Соңғы рет жұт, балақай таза ауаны,
Топырағын уыста жер ананы.
Өз тіліңді өшіріп санасынан,
Өз тілдерін санаңа жазар әлі.

Ертең күнің не болар, елеңдеймін,
Туған жерін бір іздеп, келер деймін.
Өзге ұлтқа еңбегің кетсе дағы,
Үмітім бар, дәнегін егер деймін.

Жалғысырып, қалып қойдың көліңде,
Қазақ деген, қаным кетті-ау тегіңде.
Қалай ғана сыйды екен, жас сәби,
Мына әлемнің, бар қайғысы көзіңе.

Фариза Мақсұт

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.