Ойларым

Ойларым

Түнгі қала жаққанда шырақтарын.

Даң-дұң бітіп, тынғанда құлақтарым.

Күллі мақлұқ кеткенде түнгі ұйқыға

Оянады ойларым-пырақтарым.

Түніменен шабады сан салаға

Басылады мерейі қанса ғана.

Жүйрік ойлар жорғалап жалығады

Көк аспанның шырағы жанса ғана.

Қанаттары үйренген қалықтауға,

Ұқсамайды ешқашан жалыққанға.

Энштейн, кім білсін, қателескен,

Жылдам шығар бұл ойлар жарықтан да?

Қас қағымда жоқ болып, пайда болам,

Қалауымша, кедей де, бай да болам.

Ақ жұлдызды ағызып алақанға,

Бір айналып жер шарын, айға қонам.

Қанаттары талмайды биікке ұшып,

Қуанады тапқандай сүйікті ісін.

Өзім түгіл, өзгенің қамын ойлап,

Көз ілмеймін түнімен күйіп-пісіп.

Жетім қалған ойлаймын балаларды,

Жесір болған ойлаймын аналарды.

Малшыларды боранда жол іздеген,

Қаңыраған тастанды қалаларды.

Теңіздерді тартылып, тақыр болған,

Жуандарды заматта пақыр болған.

Қурап қалған күн шалмай қызыл гүлді,

Сом алтынды бағасыз бақыр болған.

Таң атқанша бітпейді сұрақтарым,

Таусылмайды «неге» мен «бірақтарым».

Шешілер де ішінде бір аптаның,

Аман болса ойларым-пырақтарым…

Ойлар! Ойлар! Біте алман санап бәрін.

Пырақтар-ай, талмайды қанаттарың.

Сапар шегіп сендермен, арпалысып,

Байқамай да қалыппын таң атқанын.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.