Анама арнау

Жарық өмір сыйладың күніңменен,
Түн ұйқыңды төрт бөлдің түніменен.
Мұздай бесік таянып, бесік жырын,
Әлдилеттің ерекше үніңменен.

Жетеуімізге бір өзің қорған болдың,
Жапырағы жайқалған орман болдың.
Қиын-қыстау күндерде қу тағдырға,
Дес бермедің, ерекше тұлға болдың.

Сен жыласаң қалайша жай табамын?
Төрт құбылам түгел деп айта аламын?
Кірпік қақпай талай түн ұйықтамаған,
Шырымыңды, ана, қалай қайтарамын?

Өзің жайлы жыр жазып толғатармын,
Толықтырып жауһардай жыр қатарын,
Бір мен үшін талай түн жылап тұрған,
Жанарыңның жасын қалай құрғатамын?

Суық сөзбен жүрегіңді тоңдырамын,
Пәтуасыз не нәрсе оңдырамын?
Күні-түні ұрланған бал күлкіңді,
Ұясына енді қалай қондырамын?

Ақша менен дүниені қуғанмын көп,
Елемедім басқаны, суқаным жоқ.
Кешір мені анашым, бір рет болсын,
Аяғыңды жылы суға жуғаным жоқ.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.