Өзім де жасап көргім келеді

Қызықты психология /
1879 жылы эксперименттік әдісті пайдаланғаннан бастап, көптеген ғалымдар психологияны түрлі эксперименттермен байытып келеді.Бұлардың ішінде классикалық эксперименттерді ерекше айтып өтеміз.
1963 жылы Йель университетінің профессоры Стэнли Милгрэм адамның мейірімсіздігін көнбістігі арқылы көрсетті. Адамның еш кінәсі жоқ екінші бір адамға тапсырманы орындау үшін ғана зәбірлік көрсетуі… Толығырақ айтайық.Зерттелуші креслода отырған адам қате жауап берсе, оған электр тогын қолданып, жазалай алатыны жайлы нұсқау алады. Креслода актер отырады, ток та өтірік. Зерттеу нәтижелері Милгрэмнің өзін «шокқа» әкелді. Бір кезеңде 40 зерттелушіден 26-сы креслодағы адам тоқтатуды өтінсе де, жазалауды жалғастыра берген. Эксперимент тек АҚШ-та емес, Италия, Голландия, Германия, Испания, Италия, Австрия, Иорданияда осындай көрсеткіштермен өткен. Ал профессор бар болғаны өзінің неміс халқы бұйрықты көзсіз орындауға бейім деген теориясын тексергісі келген еді…
1971 тағы бір американдық психолог Филипп Зимбардо әйгілі экспериментін жүргізеді. (2010 жылы түсірілген Пол Шойрингтің «Эксперимент» фильмі). Жалпы сипатта – 24 адам екі топқа: түрме қарауылдары мен тұтқындар болып бөлінеді. Шартты түрдегі түрме Стенфорд психология кафедрасының базасында орналасады. Іші барынша түрмеге ұқсатылып, қарауылдар мен тұтқындар сәйкесінше заттармен жабдықталады. Тұтқынды атымен атамау, жеке заттар ұстауға тиым салу, икемсіз киім беру олардың тұлғалық ерекшеліктерін жоюға арналды. Эксперимент барысында қарауылдар асыра сілтеп, неше түрлі жағымсыз істерге бара бастайды. Не керек, екі аптаға есептелген зерттеу 5 күннен кейін тоқтатылды. Тұтқындардың апатиялық көңіл-күйі бірден басылса, қарауылдарға бұл жаңалық ұнамаған көрінеді… Түрмедегі бассыздықтарға алғашқы болып наразылық танытқан Зимбардоның болашақ жары аспирант Кристина Мэслаш болды. АҚШ-тың әскери-теңіз флоты қаржыландырған бұл зерттеу идеология жетегінде адамдардың тіл алғыштығы мен авторитетке бағыныштылық феноменін түсінуге арналды.
Музафер Шерифтің мына бір зерттеуі маған ерекше ұнайды. Өзі 1919 ж 13 жасында ажал аузынан аман қалғаннан кейін ол үшін адамдар арасындағы дұшпандықтың себебін іздеу өмірлік ісіне айналады. 1954 ж жазғы балалар лагерінде демалушыларды екі топқа бөледі. Бір аптадай бірге ойнап, күліп, топтарына ат қойып жүріп, олар достасып үлгереді. Келесі кезеңде олар жүлде үшін бір-бірімен жарысқа түседі. Осыдан бастап, бір-бірін тілдеу сияқты іс-әрекет төбелес, екінші топтың мүлкін ұрлау, өртеуге дейін барады. Кейін Шериф олардың алдарына тек екі топтың бірігуі арқылы жеңе алатын кедергілер қоя бастайды. Бұзылған каналды қалпына келтіру, істен шыққан жүк машинасын жөндеу барысында бірнеше күннен кейін дұшпандық бұлты толық сейіледі. Адамдар бір-біріне деген қарама-қайшылығын ортақ мүдде үшін ұмытатыны осылай көрсетілді.
Норман Триплетт деген психолог саябақта жүргенінде велосипедшілердің айналада адам көп болғанында тезірек, ал адам аяғы бәсеңдеген кезде жай жүретінін байқаған. Басқа адамдардың жанымызда болуы іс-әрекеттің жасалуын тездетеді деген ойын (әлеуметтік фасилитация эффектісі) Роберт Зайенс жалғастырады. 25000-нан астам адам қатысқан 300 дей зерттеу қорытындысы әлеуметтік қозғыштық доминантты әрекетті күшейтіп (жеңіл тапсырмалардың орындалуы), күрделі әрекеттің орындалуын тежейді деген тұжырымға әкелді. Мысалға, нашар ойыншы көпшілік алдында нашар ойнап, ал мықты ойыншы жанкүйері көп болған сайын жаны кіреді деген сөз.
Соломон Аштың жүргізген эксперименті төмендегідей.

12 пікір

Abylai
Психологияға қызығамын. Мыналардың барлығын бұрын оқыппын. Иә мына қызықты тәжірибелер жайында жалпы оқып шыққан едім. Және бүгін тағы оқығаным қоғамда бес пайыз адам не істесе қалған тоқсан бес пайызы соны қайталайды екен. Өте қызықты. Таң қалдым.
akil_kalta01
Тамаша Сая! Нағыз мен қызығатын тақырыпты қозғаған екенсің! Соңғы тәжірибені негізге ала отырып айтайын, оқырмандарың бір адамға көбейді. :)) Қызықты зерттеу, жазбаларыңды асыға күтемін!
qyrmyzy
Қарағееем, пікір жазуды ұмытып қалғансың ба? Абылайдың пікіріне жауап беріп..
akil_kalta01
Қалай шатасып кеткенмді білмей де қалдым! Қазір қарап тоқтамай 5 мин күлдім! AL-ASTER уаще қатырып жазыпты пікірін!:)))))))))))))
AL-ASTER
Абылайға тіреліп алып, Саяға әңгіме айтып жатқан Ақыл_Қалтаның эпизодынан жазбаша үзінді
akil_kalta01
Қатырдың :))) шынымен де Абылайға жазып жібергенімді білмей қалдым! Саяның жазбасы әсер еткен болар :))))
pana
95 пайызды сізден білдім, рахмет!
Abylai
иә оқып көріңіз өте қызық "Стадное чувство" деп аталады.
AL-ASTER
«Психология толпы» деген сияқты еңбектер де бар көрінеді, амиго) Кезінде әсіресе СССР кезінде осындай теорияларды зерттеу маңызды болған: көтеріліске шыққан адамдарды басып, бетін қайтару үшін.
qyrmyzy
Видеодағы оқиғалар өмірде көөөп кездеседі, қарапайым өсекті мысалға алуға болады. Негізі көп нәрсе адамның ішкі «меніне» байланысты. Кез келген адам өз-өзіне сене білуі тиіс. Біреудің пікіріне еріп кететін адамдарды, өз басым, тұлға (адам) қатарына қоса алмаймын. Ол әлі қалыптаспаған, өспеген жасөспірім, меніңше.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.