КӨРЕСІНІ EXPO-ДАН КӨРЕМІЗ БЕ?

Қызықты деректер /
Елімізде ЕХРО-2017 көрмесінің өтуіне байланысты «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясы құрылады. Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, ұлттық компанияның негізгі міндеті көрме қалашығының жалпы инфрақұрылымы мен нысандарын жобалау және салу болмақ. Сонымен қатар, жақын уақытта қалашықта нысандарды салу және құрылысқа дайындалу жөніндегі дирекция мен ұлттық кеңесші кеңсесі ашылады. Белгілі болғандай, Сыртқы істер министрлігімен аталған шараларды жүзеге асыру үшін ЕХРО-2017 көрмесін қолдау қорына 5 млн еуро салу мәселесі келісілген. Жалпы ЕХРО-2017 көрмесіне ел бюджетінен 1,5 млрд доллар бөлінді.
Толығымен: http://janaozen.net/sarapshy/kresn-expo-dan-kremz-be.html?lang=kz

Дегенмен, 1,5 млрд доллардан бөлек, қолдау қоры деп ашылған жаңа ұлттық компания жемқорлықтың жетегінде кетуі мүмкін. Оған елімізде осыған дейін өткен Қысқы Азиада ойындарына, Инновациялық технопарктерге бөлінген қаржылардың ұрлануы дәлел бола алады. Демек, ЕХРО да осы шаралардың кебін киюі әбден мүмкін. Сондықтан, ЕХРО-2017-ге бөлінген қыруар қаржылар көзделген мақсаты бойынша тиімді жұмсалуы екіталай. 2017 жылға дейін ЕХРО-ның қаражаттары жемқорлықтан көз ашпай отырған биліктің жемтігіне айналып кетпесіне кім кепіл?! Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне байланысты бірқатар сарапшылар өздерінің пікірін білдірді.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

«Көресіні EXPO-дан көретін түріміз бар. О бастан ресми дерек көздері EXPO-2017-ді өткізуге 1,5 миллиард доллар жұмсалатыны туралы айтып еді. Қазақстан бюджеті үшін бұл өте-мөте қомақты сома!

Биліктің өзі дағдарыстың екінші толқыны келеді деп алдын-ала құлақтандырып жатқанда осыншама қаржыны бір реттік көрмеге жұмсау дұрыс па деген сауал да туындайтыны рас.

Отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әсіресе, ауылдық жердегі шағын бизнеске нақты көмек көрсету сияқты маңызды шараларға неге осы ақшаны жұмсамасқа?!

EXPO-ға әрбір ел экономикасының басты салаларының, оның ішінде қазіргі заманғы жоғары технологиялардың озық үлгілерін ұсынары хақ. Біз болсақ, нені көрсетеміз, немен мақтанамыз ел алдында? Мұнай бөшкелері мен газ баллондарын, алюминий мен хром кесектерін бе? Ол да мықтап ойланатын жайт. Әлде басқалардың табыстары мен жаңалықтарына қол шапалақтап қайтамыз ба?

Жалпы, меніңше, егер де EXPO болмағанда, біздің билік бәрібір дәл осындай даңғазалық іс-шараны тауып алар еді! Өйткені, осылайша, халықаралық деңгейде улап-шулап, елді дүрліктіріп, сән-салтанат өткізу бізде дәстүрге айналып бара жатыр. Басқа елдер дағдарыстың алдында тәубасына келіп, етек-жеңін жинап, мемлекеттік қаржыны мейлінше үнемдеу саясатына көшіп жатқанда, біздің билік қана қолда бар ақшаны оңды-солды шашып, той-томалақшыл боп барады.
Ең сорақысы әрі ең қынжылтатыны — осы!».

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

«Жалпы EXPO-ға жұмсалатын 1,5 млрд доллардың қасында 5 млн. еуро үлкен рөл атқармайды. Бірақ, бастысы – бұл ақшалардың көзделген мақсатқа жұмсалуы, жемқорлыққа қол салынбауы. Мұны бақылау тек Үкімет, парламент тарапынан ғана емес, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-тардың, саяси партиялардың тарапынан да бақылауын күшейту керек. Өйткені, EXPO-да 2011 жылы Азиададағыдай кемшіліктердің қайталанбауына ешкім кепіл бола алмайды. Бұған дейін қаржының жұмсалуына жауап берген Үкімет, парламент, Қаржы полициясы болғанымен, Азиада нәтижесі көрсеткендей, бұл бақылау жеткіліксіз болды. Сол себепті, бүгінде EXPO-ға бөлінген ақша көлемі бастапқы сомасынан өсуі мүмкін. Бұл – Қазақстанда осы секілді өтетін шаралардың ерекшелігі болып табылады. Меніңше, бақылау мен қадағалауды қоғамдық бақылауға беруден басқа балама жоқ.

Одан кейін, қанша айтқанымызбен, EXPO бізге үлкен экономикалық жағынан кіріс әкеле алмады. Өйткені, бұл көрмені осы күнге дейін өткізген елдердің көпшілігінің ақшасы өзін-өзі ақтай алмады. Сондықтан біздің де шығынға батуымыз шындық. Жалпы, көрме елдің инновациясына, техникасына, ғылымына әсер ететін жоба. Еліміз егер осы жағдайларға мән беретін болса, орынды болары сөзсіз. Бірақ, біздің жағдайда «Жасыл экономиканы дамытамыз» деп отырғанымызбен, бұл салада ең артта қалған мемлекетаіз. Өз болашағын ойлайтын мемлекет ең алдымен мақтануды немесе танымалдылықты жоғарылатуды емес, ұлттық мүддесін ойлап, болашағын құруы тиіс. Сондықтан, әзірше Қазақстан үшін ағымдағы мәселелер шешілмей жатқанда EXPO көрмесі қажет емес. Жолдар, байланыс жарық пен газ жоқ кезде қандай ғылым, техниканы дамытуға болады? Пайдасы күмәнді жоба үшін 1,5 млрд долларды жұмсау қисынсыз. Кеше ғана Қазақстанға ауа райы салдарынан болып жатқан апаттарға Біріккен Араб әмірлеіктерінен гуманитарлық көмектің жіберілгенін естідім. EXPO-ны өткізейіндеп отырған ел үшін бұл масқара емес пе? Сондықтан өзімізді әлеуметтік мемлекет деп санасақ, ең алдыменен, елдің әлеуметтік мәселесін шешкеніміз дұрыс. Әрбір нәрсенің өз кезегі келеді».

Бейсенбек ЗИЯБЕК, экономист:

«Біз келіссек те, келіспесек те, қанша талқылағанымызбен, көрмені өткізу жөнінде шешім қабылданып қойды. Халыққа қаншалықты пайда әкелетінін тағы да уақыт көрсетеді. Меніңше, біз экономикамыздың қазіргі жағдайын ескере отырып, әрбір жобаны абыроймен өткізуіміз тиіс. Бірақ, біздің жағдайда EXPO-ны өткізуден бас тартуымыз қажет. Өйткені, еліміз енді ғана дамып, аяғынан тұрып келе жатқанда әлемдік деңгейдегі көрме өткізу күн тәртібіндегі бірініші мәселе емес. Ең алдымен, халықтың тұрмысы, аймақтардың жағдайы, дамуы. Сол себепті ішкі әлеуметтік-қоғамдық мәселерге көңіл бөлуіміз тиіс. Қаншама халықаралық шара ұйымдастырғанымызбен, шынайы пайдасын қарапайым азаматтар көре алмады. Бізде әрбір аймақ тең дамуы тиіс. Көрменің бір ғана Астанада немесе Алматыда өтуі дұрыс емес.

Тағы айта кететін маңызды жайт, біз мұндай көрмелерді, жобаларды өткізудің ішкі тәжірибесі болуы шарт. Оған дайын болуымыз керек. бірақ, біз оған дайын болуымыз үшін ішкі жағдайларымызды шешуімізге міндеттіміз».

1 пікір

senim
Осындай интернет газетттеріміз көбейе берсін хахах.Не пост мынау?! Әу қараңдаршиш адамдар админдер
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.