Білген дұрыс: Әскерге шақыру пункті

Қызықты деректер /
Қызықты деректер: Білген дұрыс: Әскерге шақыру пункті

Өткен жылдың күзінде-ау деймін, бір танысыммен шәй ішуге отырдық. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, Бұтаның арасымен зытады өлеңге» салып отырып біраз нәрсенің басын қайырғандай едік, әлгі батырым әскерге кетемін-ау деп шықты. Бұл несі екен бетін қақпайлап, суыртпақтап, сыр тартып едім, әлгінде ғана әскерге шақыру пунктін көргенін, көріп қана қоймай, жанына барып толығырақ мәлімет алғанын айтты.

Шыны керек, дәл осы сіз секілді мен де бұл «біреу айтқан, біреуден біреу естіген» орын туралы білмеппін. Қайбір күні «Ентерлеттеріңді» қарап отырып, мониторингпен айналысып едім, біраз дүние жинадым. «Еее, біздің баста жатса бақыр тиын бермес, сала жүрейін» деп осыны жазып отырмын.

Көшпелі үгіттеу пункті, әскерге шақыру пункті, әскери қызметке жинау пункті дегенді неге екені бір құрылым деп ұққым келеді, оған, сірә, оырсша «вербовочный пункт» деген бір ауыз сөздің болуы себеп шығар.

Қызметі қысқа: Адамы мол, қарасы көп жерге барып немесе әскер туралы ақпарат іздейтін орындарда орналасып қызығушылық танытқандарға мәлімет-ақпарат беріп, байланыс орнатады. Міндетті әскер қатарына алыну емес, мұны келісім-шарт бойынша қызмет ету деп түсінгейсіз. Саны да біршама екен, мысалы, өткен жылы Қорғаныс министрлігі ел бойынша 34 пункт ашыпты. Барлық облыстар ірі қалаларды қамтиды.

Келісім-шарт демекші, өткенде бір жазбамда сыймай қалған Артур Нығметов атты біреуіңіз білмейтін, бірақ екеуіңіз танитын жігіттің пікірін осы жерде бергім келіп отыр, жалпы сұрақ қазақ әскеріне қатысты еді.

Қызықты деректер: Білген дұрыс: Әскерге шақыру пункті

Артур бүй дейді: «Менің ойымша, Қазақстандық армияның бүгінгі ахуалын сөз ету үшін алдымен өзімізге «Ел басына күн туса, жағдай қалай болады? Біз қаншалықты дайынбыз» деп елестетіп көру керек. Техника, қару-жарақтың жұтаңдығын былай қойғанда, негізгі күш жауынгерлердің санының аздығы ойландырмай қоймайды. Қазақстандық армияға байланысты әуелден келе жатқан мәселелер әлі де өзекті.Мәселен, өзі аз қазақстандық азаматтардың ішінен денсаулығына байланысты әскерге баруға жарамсыз деп табылатындардың көптігі. Денсаулығы жарамды болғанның өзінде халық тарапынан Қазақстан армиясына деген сенімнің төмендеуінен көпшілік әскерге әдейі бармай қалудың жолын іздестіруі тағы бар. Ал әскер қатарындағылардың дайындығы ше? Менің ойымша, біздің әскерлерге профессионалдық тәжірибе жетіспейді. Сондықтан оларды 1-2 жыл оқумен шектемей, бітімгерлік миссиямен Ауғанстан секілді соғыс алаңдарына жіберу керек. Әрине, Қазбат тек келісім-шартпен әскери қызметін өтеп жатқан жауынгерлерден құрылу қажет деп есептеймін».

Өзге жандардың пікірін сол жазбадан таба аласыз, жә, одан бұрын көптің көңілініде әлі де болса я алаңдаушылық, я жеткілікті ақпараттың жоқтығы, я әлдебір күдік-күмән бар екен. Жеке өзім ерте ме, кеш пе әскери салаға қатты қызығып, бет бұратын адам ретінде жоғарыдағыдай пункттердің барынша ашық болғанын қалар едім. Сәтін салса, біреуін барып қайтпақ ойда бар, мына жазбаны соның алдындағы аперитив деп білерсіз.

Осыған байланысты сұрақ бар жігіттерге: сонадй әскери қызмет туралы толық ақпарат беріп, үгіттейтін пункт көрсеңіз жанына жетіп барып, сұрай кетер ме едіңіз, әлде анандай жерден айналып өтіп, ақырын жылыстай жөнелер ме едіңіз?

Суретті Тотал жақтан тауып алдым.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.