Атын білмедім.

Поэзия, менімен егіз бе едің?!: Атын білмедім.«Массагатте» Жұлдызай қарындасымның мына бір өлеңін оқып, ұнаттым. Өлеңде бір нәзік сезім, іңкәрлік, шынайылық, сонымен қатар бір қайсар төзімділік қатар сезіледі екен. Қатты әсерлендім, сол әсерімді Айтаберліктермен бөліскім келді

Қасиеттім!
Қасыңнан ұзатпағын!
Өзіңсіз салар мені тұзаққа мұң.
Жалғыз кешпе
Жазмыштың жарлығын әр
Бірге көріп, төзейік біз-ақ бәрін.

Жырақтағым келмейді,
Жырақтағым,
Жанарыңнан сездірші жұмақ таңын.
Алпыс екі тамырдың өң бойынан
Толқып-тасып барады тулап қаным…

Жүр екенсің күйімді қанша аңғарып?!
Көңілімді сынауда сарсаң қалып.
Күн дидарлым, кешер ем бар бақытты
Көздерімді сәулеңе алсам малып.

Шамшырағым,
Ұзамай бір қадамға,
Шомылдыршы шерімді нұр-ғаламға.
Дүниенің бар мұңын жуып-шаяр,
Дауысыңды не жетсін тыңдағанға?!

Жанымда бол!
Жаныңнан табылайын,
Сенсіз өткен күндердің бәрі уайым.
Таудай тағдыр тәлкекке түсірсе де,
Бас тартпаймын бағымнан тарыдайын…

Жұлдызай Ысқақова.

Поэзия, менімен егіз бе едің?!: Атын білмедім.Жоғарғыдай сезімді шалқытар өлең қалай шығады десем, Жұлдызай қарындасым оны былай өрнектеп түсіндірген екен. Өзімде ойлап едім, керемет емес пе...

Өлең және мен...


Іштегімді қоса алмай тізбектеп,
Жазғанымды жыртамын-ау жүз кеп мен.
Жүрек сөзін дәл жеткізбей қинайтын,
Қисық ауыз, қырсықсыз-ау сіз неткен.

Кеудемде бір жыр тұншығып, демігер,
Әбігер боп алысады менімен.
Өзегімнен шыға бере сол өлең,
Тысқа шықпай, тіл астында-ақ еріген.

Тағыда бір тіріледі жырым кеп,
Бірақ менен оған жәрдем, жұғым жоқ.
Сенім артып, қолқа салсам қаламға,
Ол да ақ бетті шимайлайды, жүгірмек.

Отырамын ашудың ап шарабын,
Қаламыммен қағаз бетін сабадым.
Жазғандарым іштегімдей көрінбей,
Бар кегімді қағаздан кеп аламын.

Бұлқынамын, шырыл қағып шыдамым,
Өлең іште бір егесті құрады.
Қалам сонда маған деген ызадан,
Сия аралас қан тамызып тұрады…

Жұлдызай Ысқақова.

4 пікір

Kan
Аға сіз өлең шығарған шығардам жатталаса ашып оқып жатыр едім. Сол баяғы Жомарт Жако ағамыз өзгенің нұрын тасытқанды жақсы көретін әдетімен, жоғары талғамымен Жұлдызайдың өлеңін ұсыныпты. шында да өлең керемет.
Jako
Кан мырза, өлең жэазуға муза болмай жүр)))) Сәтін салып жатса бола жатар деп ойлаймын, бірақ сол менің қазіргі алатын тақырыптарым жастарды қызықтыра қоймас деп қорқамын.
yesbolat83
Мысалы, қандай тақырыпта?
Jako
Әй Еске-ай, ағаң жастықтан алыстап, лирикадан жылыстап бара жатқан жоқ па? Жастықтан алыс ұзап кете алмай, кәрілікке ендеп өте алмай жүрген жанда қайбір оңған тақырып болсын))))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.