Рауан Сәбитұлы: «Әскери әлеуетке қарап, елдің әлеуетін бағалайтынымызды ұмытпайық»

Әлеуметтанушы Рауан Сәбитұлы келісімшарт негіздегі әскери жүйеге қатысты өз ойларымен бөліседі. Сіздің де айтарыңыз болса, пікір ретінде қалдыра отырыңыз.


Қазақстан әскерінің кәсібиленуге деген ұмтылысын қалай бағалар едіңіз?

Кез-келген елдің даму потенциалы әскери әлеуетімен өлшенеді. Қазіргі әлемдегі үрдіс соны көрсетіп отыр. АҚШ немесе Ресей болсын, бірінші кезекте, әскери салада өзара сайысқа түседі. Сол арқылы тістерін батырып, саясаттарын жүргізеді.
Ал әскери әлеуеті әлсіз елдер халықаралық саясатта өзінің бастамасын немесе сөзін өткізе алмайды.
Осы тұрғыдан келгенде Қазақстанның әскерінің сапасын арттыруға ұмтылуы белгілі бір деңгейде Қазақстанның дамушы елден дамыған елдердің қатарына қосылуға деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар бұл біздің әскердегі кеңестік идеологиядан қалған әлімжеттік көрсету тәрізді сарқыншақтардан құтылуға көмектеседі.

Қазақстандағы жастардың қанша пайызы кәсіби әскер болуға ұмтылуы мүмкін?

Жасыратыны жоқ басында білікті, білімді мамандар бара қояды деуім қиын. Әзірге жұмыс таба алмай жүрген, өмірден өз орнын таба алмағандардың ниет ету ықтималдығы үлкен. Әлеуметтік жағдайын жасау үшін осы қадамға баруы мүмкін. Менің ойымша 40-50 пайызы баруы мүмкін. Жаппай барады дей алмаймын.

Қандай жағдайды жұмыс емес, кәсіби өсу деп түсініп келуі мүмкін?

Бұл саясаттың жүзеге асыруының өзі де шын ықыласы бар мамандарды тартуға бағытталған. Түптің түбінде әскери салада өзінің қызметін атқарып, белгілі бір деңгейде мемлекетке үлесін қосатын азаматтар табылады дегенге сенемін. Бұл алдағы 5-10 жылдың үлесінде деп ойлаймын.

Сіз тәрізді кәсіби мамандар қандай жағдайда баруы мүмкін деп ойлайсыз?

Егер мемлекет әлеуметтік жағдаймен қатар, кәсіби өсуін, карьерасының жоғарылауына септігін тигізсе, мен ғана емес менің құрдастарымның көбі қос қолын көтеріп баруы мүмкін.
Өз басым келісімшарт негізіндегі әскери қызметті қолдаймын.

Неге қолдайсыз?

Себебі бұл жобаның бірнеше пайдалы тұстары бар. Біріншіден, бұл жаңадан ойлап табылған жүйе емес. Әлемнің озық елдерінде жылдар бойы тексерістен өтіп, нәтижесін берген жүйелі механизм. Біз озық елдердің үлгісі негізінде өзіміздің қорғаныс саламызға бейімдеп отырмыз. Екіншіден, әскеріміз саннан сапаға қарай көшіп жатыр. Бұрынғыдай бәрін әскерге топырлатып ала бермей, керісінше дайындығы бар, көзқарасы бар, сол арқылы әскердің сапасын арттыру, имиджін көтеру, сол арқылы халықтың әскери салаға деген сенімін арттыру мәселесі жатыр. Сондықтан бұл өте орынды
бастама деп ойлаймын.

Жазбаның бассуреті Creative Commons рұқсаты негізінде tcktcktck.org сайтынан алынды

3 пікір

avatar
  • Jako
  • 0
Егер мемлекет әлеуметтік жағдаймен қатар, кәсіби өсуін, карьерасының жоғарылауына септігін тигізсе, мен ғана емес менің құрдастарымның көбі қос қолын көтеріп баруы мүмкін.
Өз басым келісімшарт негізіндегі әскери қызметті қолдаймын.

Сонда қалай ондай мүмкіндіктер болмаса отанымызды қорғаудан бас тартамыз ба, КСРО кезінде жастардың патриоттығы басым болатын, олар еш ақыласпай-ақ Отан үшін жан беруге әзір еді.
avatar
  • Jako
  • 0
Келісімшартты әскер деген миыма кірмейді. Ол өз еліне айналасынан еш қауіп төнеді деп ойламайтын, тек қана сыртқы мемлекеттерге агрессиялық мақсатта ғана әскер ұстайтын Америка, сияқты елдерге тиімді болса керек.Өз елін, өз жерін қорғаймын деген елдің әскері ешбір ақыласпайтын, жалданбайтын, сатылмайтын жалын жүрек, жалаңтөс патриоттардан құралуы керек деп ойлаймын.
avatar
Қазақстанның әскері 2-3 жылдын ішінде біз ойлағаннан да мықты дамитын болады ))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.