Жарамазан

Жарамазан сөзінің қазақша мағынасын арабшадан аударғанда (Жә-ә Рамазан) Рамазан келді, яғни, Рамазан айы туды дегенге саяды.
Жарамазаншылар таңнан кешке дейін ауыз бекіткен жандар ифтар уақытында, ауыз ашып әлденіп, тамақтанып боп, көңіл қошы көтеріле бастаған сәттерде әр отбасына барып, сабыр сақтап, ізгі амалдар жасауға шақырып, сондай-ақ, бата тілектерін өз өлең жолдарына қосқан. Әр ауылдың жеке және арнайы жарамазандаушы топтары болған. Олар сөзге шешен, қабілетті, суырып салма қасиеттерге ие бола білген. Ата-бабаларымыз оларға асқан сыйластық танытып, құрметпен қарап, сый-сыяпаттарын берген. Көңілдерін сергітіп, разы болғандарына шапандарын да жапқан.
Жарамазанның басты мақсаты — телміріп қайыр сұрап немесе қанжығаларына байлаған азды-көпті дүниелеріне масаттану емес, ол — Алла разылығы үшін ораза ұстағандарды демеп, олардың рухани азық алуларына себепші болу боп табылады.
Жарамазан сан жүздеген түрлері бар. Олар былай да басталады:
Ассалаумағалейкум дәуіт қалам!
Күн шығыс, күн батыстан келген адам.
Бір келген он екі айда оразаңыз
Оразаң қабыл болсын байекежан!
Айтамын жарамазан есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе
Кім келіп, кім кетпейді есігіңе?!
8 пікір