Шахматшы қыздың қайсарлығы

Шахмат || Дойбы әлемі /
Шахматқа қызығушылығым артып, ғаламтордан фигуралардың қазақша атауларын іздей бастадым. Сөйтіп бір жас шахматшы қыздың(шахматтан әлем чемпионы) Айқын газетіне берген сұхбатына жолығып қалдым. Жап-жас қыздың өмірге деген көзқарасы мүлдем басқаша, қайсарлығы, мақсатына жете білетіндігі қайран қалдырады. Назарларыңызға ұсынамын:
Динара СӘДУАҚАСОВА, Жастар арасында шахматтан әлем чемпионы: Менің барлық бастамаларымның басында анам тұрады

Патшалар ойыны әлеміне кездейсоқ келмеген шығарсың. Осы уақытқа дейін қандай белестерді бағындырып үлгердің?
— Шахматқа 4 жасымнан бастап қызықтым. Өйткені алдымдағы ағам мен әпкем осы ойынды ойнайтын. Соларға еліктеймін деп жүргенімде шеберлігім шыңдалып, қабілет-қарымым байқала бастады. Мүмкіндіктерімді дер кезінде аңғарған анам мені шахмат мектебіне алып барды. Ұстаздарымның үйреткендерін зердеме тез сіңірген болуым керек, 7 жасымда 1-ші дәрежелі шахматшы атансам, 8 жасымда спорт шеберлігіне үміткер болдым. Ал 11 жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 13 жасымда халықаралық шахмат қауымдастығының шебері деген атақтарға қол жеткіздім. 14 жасқа қараған шағымда әйелдер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері деп мойындалдым.
2004 жылы Сингапурде жалауын желбіреткен Азия біріншілігінде вице-чемпионның тұғырынан табылсам, 2005 жылы Астана қаласының чемпионы деп танылдым. 2007 жылы әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алып, 2008 жылы 11 жасымда ұлттық құрамаға қабылдандым. Сөйтіп, Дрезденде және Ханты-Мансийскіде ұйымдастырылған халықаралық шахмат олимпиадаларына қатыстым.
Бүгінге дейін 10, 12,14,16 жастағы қыздар арасында Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы болдым. Ташкентте, Дубайда, Анталияда өткен халықаралық жарыстарда да топ жардым. Ең ірі жеңіске былтыр Грецияда өткен әлем чемпионатында жеттім. Онда менің мойныма алтын алқа тағылды.
Шахматқа кездейсоқ келдім дей алмаймын. Себебі менің шахматпен қатар, көркем гимнастикамен шұғылданып, қала біріншілігінде және «Синегорье — 2003» халықаралық турнирінде жеңімпаз болғаным бар. Бұған қоса мен Петр Чайковский атындағы №2 музыкалық мектептің фортепьяно сыныбын үздік бітіріп шыққанмын. Бапкерім Ольга Черепанова: «Не шахматты, не гимнастиканы, не музыканы таңда» деп талап қойған кезде мен ойланбастан «шахмат» дедім. Яғни мен шахмат әлеміне өнер атаулының басқа салаларынан саналы түрде бас тартып келдім.
— Грецияда өткен әлем чемпионатын есіңе түсіре аласың ба?
— Әрине, Порто-Каррас қаласында өткен шахматтан жастар арасындағы Әлем чемпионатына 99 елдің 1500 шахматшысы қатысты. Ұлдар мен қыздар арасындағы жарыс швейцариялық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұрды.
Мен 11 ойынның нәтижесінде 8 ұпай жинадым. Ақтық айқаста Еуропа чемпионы әзірбайжандық Ульвия Фаталиевамен кездестім. 5 жарым сағатқа созылған сында мен басым түсіп, әлем чемпионы атандым.
— Неге 8 ұпай?
— 2 партияда қарсыластарыммен тең ойнадым. Бір ойында ұтылып қалдым.
— Кімнен, қалай, неге?
— 9-шы кездесуде мен көш бастап келе жаттым. Соған арқаланып отырып, қателіктерге жол беріп қойдым. Ресейлік қарсыласым Алина Бивол менің жаңылыс жасаған жүрісімді кешірген жоқ.
— Әлем чемпионы атанғанда ең бірінші кімнен сүйінші сұрадың?
— Анамнан. Жалпы, мен өмірдегі барлық жетістіктерім үшін анама қарыздармын. Мен жақсылық атаулының бәрін анамнан үйрендім. Анамның маған деген мейірімі мен махаббатына ешнәрсе жетпейді. Ол мені мықты болуға, алған бетімнен қайтпауға үйретті. Менің барлық бастамаларымның басында анам тұрады. Менің қолдаушым да, демеушім де анам.
— Ол кісі қасыңда болмап па еді?
— Иә, анам әлем чемпионатына менімен бірге барған. Бірақ мен қобалжымасын деп соңғы ойынға қатысқан жоқ. Айтпақшы, әлем чемпионы атанған күн менің туған күнім болатын.
— Өзіңе-өзің сыйлық жасаған екенсің ғой, туған күнің қашан еді?
— Иә, дәл солай болды. Мен 1996 жылдың 31-қазанында туыппын. Бұл күні дүниеге шахматтан әлем чемпионы Александр Алехин мен блиц-шахматтан әлемнің экс-чемпионы Александр Грищук келген екен.
— Шахмат ойынында кімді үлгі тұтасың?
— Маған Г.Каспаровтың көпқырлылығы, В.Ананның білімпаздығы және Ю.Полгардың темірдей мінезі ұнайды.
— Көбінесе қарсыластарыңа қандай тәсіл қолданасың?
— Бұл — құпия. Негізі, тап мынау тәсілді қолданамын деп айтуға болмайды. Барлығын шахмат тақтасы және қарсыластың жүрісі шешеді. Шахматта алдын ала жоспарлап алып, сол жоспармен ғана жүру мүмкін емес. Оқиға әп-сәтте, қас-қағымда өзгеруі мүмкін.
— Шахматтан басқа қандай спортпен айналысасың?
— Шахмат — ойдың ойыны. Үнемі сонымен ғана айналыссаң, жүйкең жұқарады. Осының алдын алу үшін мен міндетті түрде күнде жүгіремін және бассейнге барамын. Жарыстарда кейбір партиялар 6 cағатқа созылуы мүмкін. Шахматшы осындай жағдайға физикалық тұрғыдан дайын болуы керек.
— Шахмат ойынынан өмірлік пәлсапа қалыптастыруға бола ма?
— Шахмат деген — өнер, спорт және өмір. Ол осы 3 ұғыммен ұштасқанда ғана жемісін жегізеді. Шахматтағы бір ғана қате жүріс, өмірдегі шалыс қадам сияқты. Сондықтан бұл жердегі әрекеттің барлығы cтратегиялық жоспар ретінде жүзеге асуы тиіс. Өмірде де осылай болғаны абзал. Адам әр қадамын «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» отыруы керек.
Шахмат адамның ойлау және есте сақтау қабілеттерін арттырады. Адамды байсалды, сабырлы болуға, қажырлықты шыңдауға, тәуекелге бел бууға, бастаған ісіңді соңына дейін жеткізуге үйретеді. Табандылыққа тәрбиелейді, қайсарлыққа баулиды.
— Ақшаға шахмат ойнап көрдің бе?
— Жоқ, мен мұндайға ешқашан бармаймын. Шахматқа дәл осылай қорлық көрсетуге болмайды. Шахмат құмар ойыны емес. Бұл — зияткерлік ойын. Бұл — ақсүйек ойын. Оны еріккеннің ермегі қылу әбестік. Шахмат қана емес, ақшаға ойналған кез келген ойын және оны ойнаған адамдар жақсылардың қатарынан емес.
Анам маған үнемі адал еңбек етіп, адал ақша табу керек екенін айтып отырады. Оның үстіне мемлекет бізге шәкіртақы төлейді. Ақшаға шахмат ойнайтындай отқа, суға қарап отырған жоқпыз. Солай болғанның өзінде мен шахматты ақшаға ойнамас едім. Өйткені әр нәрсенің киесі мен қасиеті және берекесі болады. Соны қадірлемесең, қастерлемесең құты қашады. Ал құт қашқан жерге ырыс пен ынтымақ береке мен байлық ешқашан келмейді.
— Халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовпен жекжат¬тық-тарың бар ма?
— Жоқ, алайда жұрттың бәрі мені Дәрмен ағаның қарындасы деп ойлайды. Тектеріміздің бірдей болғандығы болмаса, біз туыс емеспіз. Аталарымыздың аты Сәдуақас болғанымен, жазылуы әртүрлі. Десек те, бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әрине, мен Дәрмен Сәдуақасовтың туған қарындасы болсам, маған жаман болмас еді.
— Айтпақшы, Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған V республикалық шахмат турнирінде сен балалар арасындағы шахматтан әлемнің 2 дүркін жеңімпазы Жансая Әбдімәлікпен блиц-шахмат ойнап едің ғой. Соның нәтижесі қалай болды?
— Біз ойнаған жоқпыз.
— Қалай ойнаған жоқсыңдар?
— Ойнаған сияқты болып суретке, теледидарға түстік.
— VII қысқы Азиаданың алау құтысын ұстаған адамдардың арасында сенің де болғаныңнан хабардармыз. Бұл туралы не айта аласың?
— Қазақ елінің абыройын асқақтатқан Азиада ойындарының Алау эстафетасы кезеңіне қатысқанымды зор бақыт санаймын. Алаугерлердің қатарына іріктеуден өтіп кірдім. Азиада спорт мерекесі, рух пен сұлулықтың мерекесі болды. Сол мерекеде мен қазақтың айтулы азаматтарымен қатар тұрып, солармен қатар жүрдім. Әл-Кувейттен бастау алып келген отты ұстадым. Бойымды мақтаныш пен шаттық сезімі кернеді. Мен Қазақстанда, оның ішінде Астанада туғаныма қуандым. Елдің маған сенім артып, маған көз тігіп отырғанын сездім.
— Қайда оқисың?
— Астанадағы №3 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысымын. Оқу озатымын. Математика мен Қазақстан тарихын жақсы көремін. Себебі математика деген есеп. Шахмат та есепке жүгінетін ойын. Ал тарихқа келсек, ол менің елімнің өткені, тағдыры. Ел тарихын білу менің борышым.
Жарыстар көбейіп кеткен кездерде мектепке бармай қаламын. Мұғалімдерім бәріне түсіністікпен қарауға тырысады. Бірақ мен солай екен деп сабақ оқымай қоймаймын. Керісінше, өзім қатыспаған сабақтарды өз бетімше меңгеріп аламын.
— Сабақтан тыс уақытта немен айналысасың?
— Қолым бос болғанда анама үй шаруасына көмектесемін. Шахмат ойнаймын, классикалық кітаптар оқимын. Қазір Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқып жатырмын. Мұның алдында Паул Коэльенің шығармаларын түгел ақтарып шықтым.
— Нені ұнатпайсың?
— Өзімнен-өзім уақыт ұрлағанды ұнатпаймын. Жапон халқында «Ертең — кеш, бүгін — қазір» деген сөз бар екен. Мүмкіндігінше, осы ұстаныммен өмір сүруге тырысамын. Себебі менің әрбір күнім, сағатым санаулы. Белгіленген уақытта мен қыдырып, сабақ оқып, спортпен шұғылданып, шахмат ойнап, демалып үлгеруге тиіспін.
— Нені бағалайсың?
— Ұйымдастыру қабілеті жоғары және алдына мақсат қоятын, сол мақсатына жетпей тынбайтын жандарды, сондай-ақ маңайындағылардың барлығына махаббат пен мейірім төгіп жүретін адамдарды қатты сыйлаймын.
— Қалай киінгенді қалайсың?
— Спорттық үлгідегі киімдерге қырын қарамаймын. Классикалық киім кисе де болады. Негізі, «Сasual» үлгісіндегі киімдерге басымдық беремін.
— Қандай арманың бар?
— Ерлер арасында гроссмейстер болғым келеді. Мүмкін, түбінде Юдит Полгар секілді ерлер арасындағы турнирлерге қатысатын шығармын деп ойлаймын.
— Неге?
— Ер адамдармен ойнаған қызық. Ашық біріншіліктерде мен үнемі ер адамдармен ойнауға тырысамын. Өйткені олардың ойлау жүйесі басқа. Ер адамдар ашық ұрысқа да шыға алады, сенің қателігіңді күтіп отырып та ойнай алады.
— «Ойлау жүйесі басқа» деген қалай?
— Ер адамдар әйел адамдарға қарағанда мықты ойнайды. Мені олардың тактикасы мен стратегиясы қызықтырады. Олардың білім көкжиегі де кең. Олардан әрдайым мүлде ойламаған жүрісті күтуге болады.
-Шахмат тақтасын неге ұқсатасың?
— Ақ пен қараның, күн мен түннің, жақсы мен жаманның тайталасына ұқсатамын. Күрес бітпейді. Біреуі жеңеді, екіншісі жеңіледі немесе итжығыс болады. Қашан көрсең, қиян-кескі ұрыс, бітпейтін дау, бітіспейтін жау. Жалғаса береді, жалғаса береді. Өмірде де солай.
-Орта мектептерге шахматты пән ретінде енгізуге қалай қарайсың?
— Меніңше, қажет емес сияқты. Өйткені шахматты екінің бірі тиісті дәрежесінде ойнай алмайды. Оны зорлап оқыту арқылы жақсы нәтижеге жетеміз деп ойлау — құр әурешілік. Үйірме ретінде ашуға болатын шығар. Ал пән ретінде енгізген дұрыс емес деп ойлаймын

11 пікір

Manas
Нағыз қайсар қыз!8 сынып оқиды деп ойламап едім.
Manas
Айтпақшы, менімен 1 партия шахмат ойнайтын кім бар.
Togzhan
Үйретсеңіз, неге ойнамасқа?))
Manas
Үйретуге дайынмын.Мынаныңда көмегі тиіп қалар сізге.
Togzhan
Бұны қарадым, енді жүрістерін үйрететін бір видео болса)
Zhanat
мен ойнаймын
Ais_97
Қандай керемет қыз, менен 1 жастай үлкендігі бар, жарайсың Динара!
Zhanat
Жансаяның ерлігінде атап айтуға болады небәрі 11жаста, ол 9жасында әлемді бағындырған. тфу тфу қарындастарымыз мен інілеріміз бар өсіп келе жатқан шахматты жақсы ойнайтын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.