Сағыныш екен бала кез

Сағыныш екен бала кез

Түседі еске жалаң аяқ күндерім
Ақсүйекті ала қашқан түндерім
Сол қашқаннан мол қашыпты балалық
Қайда екен көптен бері- ақ білмедім
Қасым Аманжолов
Кім бала болмады дейсіз? Балалық шақ бәрінің басынан өтетін адам өмірінің қызықты парақтарының бірі. Сол сәттегі істеген тентектігіңнің бәрі жарасады. Ол кездегі қулығың да сыпайы көрінеді, алдап-арбағаныңда сүйкімді көрінеді. Сол тәтті күндерді еске алудың өзі қуаныш.
Бала күндерімізде ертеден кешке дейін далада жүреміз. Сонда жас жыңғылдардың сабағын сындырып алып, балшықтан жұмбаз ұрып, кішігірім үй тұрғызатынбыз. Содан кеш батқанда таңертеңнен бері еңбекпен салған үйімізді түнде шайтан пайдаланып кетпесін деген оймен бұзып кететінбіз. Бәріміз тай-құлындай тебісіп, жасырынбақ ойнап, ауылдың көшелерінің шаңын шығарушы едік. Қыстыгүні қардың үйіндісінен сырғанақ, аққала жасап, сол аққаланың мұрнына жеңгемнің тазалап қойған сәбізін ұрлап жапсырып, басына шелек кигізіп шыр айналып жүреміз. Ал жаздыгүні түскі уақытта ауыл маңындағы өзенге шомылып, кешке өрістен сиыр қайтқанда бәріміз жамырап жүгіріп, жарысып өріске баратынбыз. Атамыз малды айдап келгенше әртүрлі ойындар ойнап үлгеретінбіз. Есік алдындағы сәкеге қаз-қатарынан төсек салып, аспандағы жұлдыздарға қарап, арман-қиялға берілуші едік. Біреуі-дәрігер болғысы келсе, енді бірі-ұшқыш болуды армандап болашақтарын армандарымен ұштастырып жататын.
Қазір ойлап қарасам, өмір әркімді өз арнасына салып, өз жолдарымен әкетеді екен. Сол кешегі балдәурен шақты бірге өткізген құрбы-құрдастарым бүгінде есейіп, ержетіп қалыпты. Достарыңмен бірге асыр салып ойнап қайғысыз, мұңсыз, жүрген тәтті кездер-ай десеңші! Шіркін-ай, сол керемет кез қайтадан оралар ма екен?! Балалық шақ сен қай бекетте қалып қойдың? Әттең, сол бекетке баратын билет табылар ма?! Ал қазір пәк кез қайтіп келсе қуана қарсы алар едім. Бірақ сағынышпен ғана, тек ыстық сағынышпен ғана еске аламын.

3 пікір

yesbolat83
Сол балалық шақ бекетіне өте қымбат болса да билет табылар болса, мен ойланбастан аттанар едім…
Ия, мен де кетер ем шіркін!
Kan
Қасымның поэзасына бола осыншама эсто жазғаның қызықтау екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.