ТҮНГІ МҰҢ

Түн аспаны.
Жымыңдайды сан нүкте,
Жерге жетіп келер ме еді жан бітсе?
Түн-көрпені жамылды да табиғат,
Ғұмырымыз кеміді бір тәулікке.

Өмір осы-ызғарлы да ақ қарлы,
Кейде жұмсақ.
Кейде қалың қатпарлы.
Соқпақтары соқтықпалы, сан түрлі,
Ғұмырымның бір тәулігі арт қалды.

Құлазытар, орап алар шексіз мұң,
Бос өтетін уақытымыз көп біздің.
Кешегі өткен күйбең күннен аумайтын,
Мағынасыз тағы бір күн өткіздім…

Өмір осы-ауысады күн-түнге,
(Дауаң бар ма, мына уақыт шіркінге?..)
Онсыз-дағы ұзап кеткен жастық шақ,
Міне, тағы алыстады бір күнге…

Өмір-теңіз, жүзіп келем қайықта,
(Жүзу керек, жылжығаным айып па?)
Мәңгілікке апарар жол қысқарды,
Тағы бір күн айналды да тарихқа…

2013, 6 қыркүйек.

4 пікір

kuralay_95_25
керемет жазылған екен. маған ұнады.
maulen
бір түннің образынан бүкіл өмірдің кейпін жасау, сірә, әркімнің қолынан келмей. Шіркін, шабыт деген, ә?!
semser_soz
Шынымен-ақ бір түннің көрінісі өтіп бара жатқан өмірімізмен астасады екен… Жақсы жазылған өлең екен, мағыналы...
nurbanu_KAMAL
Өөөөте жақсы өлең екен. Ұнады қатты
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.