Бала үміті

Айдын ұйқысынан қуанышты оянды. Өйткені ол түсінде анасын көрді. Анасы күнделікті әдеті бойынша жанына кеп еркелетіп, маңдайынан сүйіп, қолтығынан қытықтап оятып жатыр екен. Айдынды ешнәрсе алаңдатар емес, жаны жайбарақат, құдды анасынан ажырамағандай, сол бақытты шақтарына қайта оралғандай. Тіпті анасы екеуі көлік апатына да ұшырамағандай сап-сау халде.
Әттең, оянып кетті. Бірақ, ол өкінбейді. Себебі түсінде анасымен жүздескеніне разы. Бұл түсі қысқа да болса жанына медет беп, көңілі бір серпіліп қалды. «Анашым, апатайым менің, мені бұл жерден алып кетші. Сағындым сені, анашым».
Тық-тық-тық. Таныс дауыс. Бұл коридормен бұның палатасына келе жатқан жеке медбикесі Айжанның аяқ киімінің дыбысы. Қазір ол Айдынның аяқ-қолын он бес минут уқалайды. Содан соң беті-қолын жылы сумен жуып, мүгедектер арбасына жайғастырып асханаға түскі ас ішуге апарады. Медбике ішке кірісімен Айдын:
— Айжан апай, анашым келмеді ме?
— Мен айттым ғой, сенің анаң да басқа ауруханада сен сияқты ем қабылдауда. Тәуір болғасын сені кеп алып кетеді.
— Көрші палатадағы Марат маған сенің анаң өлді деп еді ғой.
— Олар айта береді. Сенің анаң аман. Мен саған бәрін түсіндірген жоқ па едім?! Әлде маған сенбейсің бе?
Айдынның әрбір минутына білікті мамандар кеңесімен шешіліп регламент қойылған. Осы іс-шаралардың ішінде оның қатты жаны сүйетін бір ғана нәрсесі бар. Ол – тыныштандырғыш уколын салысымен ұйқыға кетуі. Бастапқыда уколдан қатты қорқатын. Бірте-бірте оған да үйренді. Ал, қазір медбикелер уколға дайындап жатқанда ойлайтыны — анасы. Лүпілдеген кішкене ғана жүрегімен тәңірінен осы жолғы ұйқысында асыл анасын көруді өтініп сұрайды. Бірақ, өкініштісі ол дұғасы көбіне-көп қабыл бола бермейді.
Сондай-ақ, оның екінші жақсы көретін нәрсесі түскі ас ішіп болысымен аурухана алаңшасына таза ауа жұтуға шығу. Өйткені ауруханаға қарсы бетте балалар саябағы орналасқан. Сол саябақта балалар аналарымен бірге ойнайды. Солардың ойнап-күлген әрбір іс-әрекеттеріне қарап жаралы жанына үміт сәулесі ұялайды. Осы бір орында, осы бір мезетте анасы кеп қуанатынын бала көңілі күтеді. Кіп-кішкентай жүрегі үміт етеді.
Күндегі әдеті бойынша медбикенің көмегімен отырғызып кеткен аурухана сыртындағы үлкен теректің көлеңкесінде отыр. Ол тек қана бұл жерде өзіне бекітілген тәртібі бойынша он-ақ минут отырады. Қарсы беткейдегі саябақта асыр сап ойнап жүрген балалар. "Қандай бақытты жандар, аяқ-қолдары сау! Шіркін, бір күндері маған да осы балалар секілді асыр сап ойнауды жазар ма екен?" Кенет ойнап жүргендер ішінен сұр телпекті баланың сүрініп құлағаны қалғаны сол еді, анасы жанына жетіп кеп, әлгінің ауырған жерін сипалап, үсті-басын қағып, құшағына қысып жұбатып, жаны бәйек боп жатыр. Бұл көрініске бергі жақтан куә боп тұрған Айдын әрі қызығушылықпен, әрі қызғаныш сезімі оянып, кіп-кішкентай көздерінен аққан жастары еріксіз кеп төгіліп жатты. Көздерінен саулаған жасын сүртейін десе жансыз қолдары оған ырық берер емес.
— Уақыт аяқталды, келесі процедураға көшу керек, — деп, медбикесі кеп Айдын отырған арбаны бұрып ауруханаға қарай беттеді. Кенет артқы жақтан жанына жақын таныс дауыс:
— Ұлым, — деп, арбаға таңулы отырған Айдынды құшақтап, — біз енді ешқанан ажырамаймыз, құлыным менің.
Осы сәтте тек жұмыр ғана басында жаны бар Айдынның қолдарына жан бітіп анасын құшақтап алды.

5 пікір

Jako
Аянышты,өте аянышты оқиға екен.
maulen
ия, үлкен ғибрат алатын оқйға екен…
Ai_fariza
Журектi жылатты. Откен омiрiм еске тусiп кеттi. Mугедектер арбасында отырган кундерден ауыр нарсе жок шыгар. Тек кана бiр арман бiр максат бiр тiлек Аллахым журiп кетсем екен.
yesbolat83
Аллаһым сізге сабыр мен шипасын бергей!
Бұл сынақ Аллаһ тағаланың сізді сүйетінінің белгісі!
Ai_fariza
Ауырмай журген кундерине куан ба, Алланын назарына туспей калганнан корык дейди гой. Аллага шукир мен киыншылыгымды женип 3 жылдан сон орнымнан турган жанмын. Сынактарда сыналып, киыншылыкпен куресе билейк достар
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.