Орныңды бер «киоск» немесе қазақ ғаламторындағы жаңа компас

Америкада бәрі көзді ашып-жұмғанша ұялы телефонға телміріп отырып, айшылық алыс жерлердің жаңалықтарын біліп, тамағына да ғаламтор арқылы тапсырыс береді десек те, біздің елде, құдайға шүкір, әзірге газет пен журнал беттерін ақтарып жаңалық іздеу «модадан» қала қойған жоқ. Жаңа медиаға алғашында үрке қарағанымызбен, артынан жұмбағын шешіп киоскідегі газеттің орнын басар мұрагер ретінде қарай бастадық. Сондықтан «медиа» қарағыма байланысты кез-келген жаңалықты қалт жібермеуге тырысамын. Жақында интернет-журналист Асхат Еркімбай «Жаңа медиа: монологтан диалогқа» атты жаңа медиа деген ұғымға қазақ тілінде түсінік беретін кітабы шықты. Жаңа медиа деген ұғымды енді ғана үйреніп келе жатқандар үшін де, жаңа медианы кәсіби мақсатта қолдануға ден қойған мамандар үшін де өте қажетті құрал. Кітап 4 тараудан тұрады.
Неге жаңа медианы оқуым керек деген сұраққа нақты жауап тауып, жаңа медиаға толығымен ден қою үшін мотивация алдым. Бірақ журналистика факультетінің екінші курсында оқитын, жаңа медиа деген ұғыммен танысқанына жарты жуық уақыт болған студент ретінде менің түсінбеген, байыбына бара алмаған тұстарым да көп болды.
1-тарау. Жаңа медиа туралы түсінік. Бұл тарау кіріспе тарау болғандықтан да түсінікті. Осы уақытқа дейін көгілдір экран беттерінен түспей жарнамаланып жүрген, «сандық» немесе «дижитал» деген сөздің мағынасын білдім. Бастысы, жаңа медианың БАҚ-қа ықпалын толығымен түсіндім десем де болады. Енді, интернет әлеміне сүңгігенде қазақша сайттардан ақпарат алып қана қоймай, олардың құрылымына баса назар аударамын. Экономика заңы бойынша: «сұраныс болмаса, ұыныс та болмайды». Демек, сауатты оқырман көп болғаны сайын сапалы сайттар саны да арта түспек. Сондықтан, бүгінгі ғаламтор қолданушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыра түскен дұрыс.
2-тарау. Жаңа медиа және қазақ журналистикасы. Интернеттегі ақпаратты бақылау, қазақ интернет кеңістігі және блог. Алғашқы екі сөз бізге сіңіп, сатылы түрде даму кезеңдерінен өту үстінде. Ал «блог» сөзі бізде қолданыста жүргенімен, шамамен 500-дей ғана болуы интернетпен кеңірек танысуды міндет етеді. Франциядағы 2 млн. блогты айтқанда біз теңізге құйылған тамшыдай ғанамыз. Және бұл бес жүз цифрды тек қана Алматы, Астана және т.б. қалалар көлеміне танылған деп білемін. Бүгінгі БАҚ қоғамның өзекті мәселелерін көтере алмайды десең, блог-өз даусыңды шығарудың тамаша тәсілі. Азаматтық журналистика деген атпен белгілі журналистиканың бұл түрін нағыз тәуелсіз журналистика деп айтуға болады.
3-тарау. Америкадағы жаңа медианың дамуы. Біздегі жаңа медианың жай-күйі мен алда қандай жұмыс жасау керек, артықшылықтарымыз бен кемшіліктеріміз – барлығы да осы тарауды оқып шыққаннан кейін айқын болады. Осы тарауда ерекше ұнаған екі мақала бар: Оқырмандар өз газеттерін өздері жасап жатыр. (Лекс Александрмен сұхбат) және Үндіс текті жас америкалықтар. Интернеттің көмегімен өз армандарына қол жеткізуде.
Алғашқы мақалада 2-тараудан бастауын алған блогтың БАҚ-қа ықпалын практика жүзінде көрсетеді. Жаңа медиа заманындағы журналист пен оқырманның ара-жігін ажыратып берген. Әрине, жаңа медиаға енді ғана бет бұрып келе жатқан қазақ баспасөзі үшін осындай дәрежеге жету үшін әлі көп тер төгу керек. Тікелей басылымның бағытына ықпал ету – оқырманмен өте жоғары деңгейде жұмыс жасалынды деген сөз.
Екінші мақалада Америкадағы үндіс тектес тайпалардың интернетті құрал ретінде пайдаланып, өз армандарын қалай іске асырғандарын баян етеді. Қазіргі технология заманында интернетті тек ақпарат алмасушы құрал ретінде пайдаланып келгенде, оның рухани байлық жинап, «әлеуметтік достар» ғана емес шынайы рухани достар табуға болатындығын байқайсың. Демек рухани құндылық әлі өз орнын жоғалта қоймаған. Жастарға ұлттық идеолгоияны насихаттау жолында интернеттің де аса маңызды орын алатынын аңғартады.
4-тарау. Жаңа медиа, азаматтық журналистика және блогшылар. АҚШ журналистерінің ұстанымдары мен қағидаларын толық баяндайды. Осы арқылы кәсіби журналистің бейнесін қалыптастырған.
Бірақ мұндағы жазылған жайлардың барлығы Америка журналистикасына қатысты. Ал АҚШ атты алпауытты біздің Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Бүкіләлемдік БАҚ-тың тізгінін қолына ұстап отырған елге қарағанда біздің БАҚ әлі де дамуды көп талап етеді. Сондықтан кітапта жазылған мақалаларға мысалы, «Интернет-2» немесе Интернеттік қылмыс туралы мақалаларды оқырмандар қабылдай алмауы мүмкін. Себебі, киберқылмыс фактілері бізде жиі кездеспейді. Сондықтан көп жағдайлар оқырманға түсініксіз болады.
Жалпы алғанда жаңа медиа әлеміне сапар шеккен интернет қолданушылар үшін өте жақсы бағыт беруші компас болмақ.
P.S. Бір кездері, кино шықты енді ешкім театрға бармайды деп шулағанмен, «ТТТ» операциясы (театр табалдырығын тоздырайық) әлі де жалғасып келеді. Ендеше, газет-журналдың иісін ұмытып, кітап парақтамай кетпейтіндей де күн тумайтын шығар, ә? Мониторға телміргендер де кітап-газет оқитынын ұмытпаған жөн.

3 пікір

avatar
  • Chimaq
  • 0
Ol kitapti online kore alamyzba?
Шымкент қаласында сатылып жатыр)
  • Kyrtka
  • 0
Біз кітапты Мысаева Қарлыға апай арқылы алдық. Ғаламтордан іздесеңіз табылып қалар
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.