Мен ұмытқан бір сәт...

Ақ парақтағы ойлар /
Бүгін таңертең өте ауыр ояндым…
...Өлім періштесі келді. Келді де, алқымымнан алып, көкірегімнен бірдеңені ауыр деммен суыра бастады. Аяқтарым қимылсыз бола бастағанын сездім.
— 5 минут, 5 минут уақыт берші, ата-анаммен, бауырларыммен, сүйікті жарыммен соңғы рет қоштасып алайыншы. Соңғы рет, құшып алайыншы — деп барыммен жалына бастадым, — Уа, Тәңірім, мен бұған дайын емес едім ғой. Әлі жаспын ғой. Әкетпе менің жанымды…
Көз алдымнан өткенім мен болашағым өте берді. Туылған сәтім қалай болғанын көрдім. Әжемнің мені арқалап жүргені, атамның ең алғаш мектепке алып барғаны, Бауырларыммен қырдағы үйдің артындағы дөңнен төмен қарай аунап жүретін кездеріміз, мектеп бітірген сәтім, қарындасым Жасмин туылғанда алғаш рет көруім, онымен алғаш рет кездесуім, тәтті өткен әрбір сәттеріміз көз алдымнан өте берді. Әп сәтте, өзімнің денемді көре бастадым. Оны құшақтап жылап отырған анам мен сүйікті жарым. Шетте апам отыр. Көзінше жас. Бұрышта жерге қарап жалғыз отыр. Анам мен жарымның алдына бардым.
— Мамаау, Мадинаа! Мен тірімін. Бұл жатқан мен емес. Қарашы бері қарай. Не болған сендерге өзі?
Апамның алдына барып, құшақтадым. Апамда қимыл жоқ.
— Апаа, бұл мен. Мен балаңмын, апа! Тірімін мен. Басқа-басқа сен сенші.
Апам, бірдеңені сезгендей мен жаққа қарады да. Қайта денем тұрған жаққа мұңлы көздерімен қарады да терең жылады…
— Қуат, бауырым, көрмегелі көп болды ғой. Астанаға бара алмай қалғаным үшін кешірші. Неге көзіңде жас бауырым? Неге жылап жатсың? Мен мұндамын Қуат! Келші бір бауырларша көріселік. Сағынып кеттім ғой өзіңді…
Ол жердегі барлық жақындарым үшін мен жоқ едім. Facebookқа кіріп, «Мен тірімін айналайындар» деп жазғым келді. Бір сәтте тамағымнан белгісіз бір күш тарапынан соңғы демім сорылып жатқанын, қол-аяғым қозғалуға мұршасы жоқ, көзімнің алды ғана қараңғылана бастағанын сездім. Лә иләһә илла аллаһ… Әлім келгенше, соңғы секундтарда қайталай бастадым…
— Сенің уақытың бітті, істейтін нәрсенің барлығын дәл осы уақытқа дейін істеуің керек еді… — деді бір дауыс құлағыма. Һуууууп…
Ауыр һәм терең дем жұтып бір-ақ ояндым. Көзімнен бір тамшы жас, бетімнің үстімен төмен қарай домалап бара жатқанын сездім…

5 пікір

Kan
Қандай жаман түс. Әйтседе иманың бір көтеріліп қалған шығар
zhurttyn_balasy
лібә не жарияға жар салып қайта қайта. Жаман түс па, ұмыт та тезірек.
Jako
«Түсінде өлгендер өмірде ұзақ жасайды» — деп отыратын апам раһмәлүк, Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етеді екен.
followme_alik
Алдынгүні ұқсас түс көріп, сабама түскен болтынмын _… білмеймін не дерімді
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.