ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ

Ақылым мен қиялым үндесетін,
Бала күнім, алаңсыз күн кешетін.
Мен тұратын көшеден жалт-жұлт етіп,
Қызыл көйлек киген қыз күнде өтетін.

Ару көктем шуағын сепкендей кеп,
Жарасатын өзіне көктем көйлек.
Ажарланып кететін айналамыз,
Көшемізден Күн жылжып өткендей боп.

Мені сонша түсірген әбігерге,
Мұғалім бе, білмеймін, дәрігер ме?..
Қызыл көйлек киген қыз жан біткеннің,
Сұлу боп көрінетін бәрінен де!

Жүрек шіркін, өрекпіп, тез ысыған,
Тез оянған сезімнің өзі — күмән.
Елесіндей арманның сезілетін,
Қызыл сұлба көрінсе көз ұшынан.

Ынтық сезім оралтып ойға әрнені,
Аңқау көңіл ентелеп Айға өрледі.
Немененің әсері? Білмейтін ем,
Қарауыл қып көшеге қойған мені.

Күй ойнайтын кеудемде өзге, жаңа,
Қиялдарым тұрақсыз, кезбе ғана.
Қыз назарын өзіме бұратындай,
Жігіт түгіл, емес ем бозбала да.

Меселімнің қайтпайды сағы бұдан,
Қол жетпеске әлек боп тағы ұрынам.
Бет-моншағым төгіліп кей кездері,,
Сығалаймын қақпаның жабығынан.

Қызыл көйлек киген қыз…
Жауһар жаны,
Сан жігіттің көңлінен ән саулады.
Сұлулықтың мәнісін ұғатынмын,
Ойын қуған жас бала болсам-дағы.

… Аттап өтіп сан қырын, белесін де,
Келем жүзіп уақыттың кемесінде.
Ұмытылды көп нәрсе, ал, бірақ та,
Қызыл көйлек киген қыз әлі есімде.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ
2014

5 пікір

yesbolat83
Сенің қаламыңнан туған өлеңдер қашан да мықты ғой, Мықтеке! Қаламың ұштала берсін!
zhano_almuhambet
Охо! Қызыл көйлек кигім келіп кетті менің де)))) Қарауылдар жүрсін сығалап десең иәәә
muktybek
жұрттың бәрі қақпаларына тесік жасап қойса)
erketai96
Фейсбукті шулатқан шумақтар осы екен ғой, Мықтыбек аға))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.