Қуыршақ пен ит...

Ақ парақтағы ойлар: Қуыршақ пен ит...
Ақ парақтағы ойлар: Қуыршақ пен ит...
Баланың қолында қуыршақ, ал қарияның жетегінде ит. Екеуі де адам үшін тілсіз. Екеуі де ашуланбайды. Ұрыс-керістен аулақ. Бала қуыршаққа, қария итке аманат. Баланың әке-шешесі қайда? Қарияның бала-шағасы қайда?
Екі аяқты пенде үшін көз көріп, құлақ естіп, жүрек соғып тұрғанда жаратқанның көрсетері көп-ақ… Баланың қуыршақпен ойнауы заңдылық. Бірақ бұл жәй бала емес. Маңайында қуыршақтан өзге тіршілік иесі жоқ.
Есік сыртынан жабылды. Тағы да екеуміз қалдық. Әкем мен анамның осылай тастап кетуі әдетке айналмаса екен. Қорқам. Жалғыз қалудан. Қуыршақ менің ініме не қарындасыма айналса екен. Екеуміз күнде көрші үйдің балалары шуылдасып ойнап жатқанын естиміз. Егер менің інім болса мен ұрмай-соқпай онымен ойнаушы едім. Кешке әкем мен анам келгенде оларға тілегімді жеткізші? Неге үндемейсің? Орындағың келмей ме? Білем. Жаны бар, тірі ата-анам түсінбейтін мені сен қалай түсінерсің? Кейде осылар мені дүниеге әкелмей-ақ қойғанда бәрі жақсы болар ма еді деп ойлаймын. Ана мейірімі мен әке құшағы. Сезбеймін. Бірін де. Бір-бірін көрген сәттен ұрыса жөнелетін екеуінің бір сәт үйде болмағаны да жақсы. Тезірек ер жетіп, бұл үйден кеткім келеді. Тым суық. Сен менімен бірге барасың ба?..
Қария үйдегі қым-қуыт тіршіліктен шаршады ма әлде ойын шырмаған елестерден арылуды қалады ма таза ауаға шыққысы келді.
— Дулат? Әй Дулат? Атаңа көмектес. Мына құрғырдың аяқ киімі қайда тұрушы еді? Ойыныңды сосын жалғастырарсың. Ақтөсті ұстап, бауын қолыма беріп жібер.
Жауап болмады. Еее жаратқан ием! Бұлай итке қаратып қойғанша неге мені қара кемпіріммен қоса алмадың? Жас кезде ұзақ өмір бер деп тілеуші едім. Қосағым кеткесін мына өмірдің қызығы да кеткендей ме?
Осыдан бір жыл бұрын өзінің кішкентай қара кемпірімен шүйіркелесіп, қара қою шәйін еш алаңсыз ішіп отырушы еді. Бүгінде бал-шағаның қас қабағына қарап қалғаны міне. Үнсіз. Көңілсіз. Сәл нәрсеге ренжіп, оңашалануды шығарды. Әкеге қарайтын бала мен келін күні бойы жұмыста. Жақсы өмір сүреміз деп жанталасып жүр.
— Мұнымыз болмас. Екеуміз де ертелі-кеш жұмыстан қолымыз тимейді. Атамның жанында бұрынғыдай қолтықтап жүретін апамның да жоқтығы білінуде. Өткенде теледидердан зағиптарға арнайы тәрбиеленген иттерді көрсетіп еді. Солардың бірін асырау керек секілді. Тым болмаса сыртқа шыққанда көмегі болар.
— Өзің жайластыршы. Ертең бір маңызды адаммен жолығып, келісім-шартқа қол қою керек…
Жалғыз ұлдың сөзі осы болды.
Баланы қуыршаққа, әкені итке аманаттадық. Ал, сіз балаңыз бен әкеңізді кімге қалдырдыңыз?

1 пікір

avatar
Балаңызды кімге қалдырдыңыз? Әкеңізге кім қарауда?
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.